Түркістан облысына қарасты квазимемлекеттік сектор ұйымдарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың нормаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kzақпараттық агенттігі.
Аталған жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов пен оның орынбасары, антикор комиссар Сәбит Асылбек, облыс әкімі аппараты мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас инспекторы Бауыржан Досжанов, «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуова мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Шара барысында сыбайлас жемқорлықтың ел әлеуетіне тигізер залалы мен зардабы түсіндіріліп, бүгінгі күні мемлекет саясатында жемқорлықтың алдын алу жұмыстарына айрықша басымдық берілгендігі айтылды.
Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістер хабарланып, бұдан былай квзимемлекеттік сектор субъектілері де бармақ басты әрекеттердің алдын алу үшін мекеме ішінде жүргізілетін ішкі талдау жұмыстары сапалы болуы маңызды екендігі жеткізілді.
Айта кету қажет, бұдан былай Түркістан облысына қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде тағайындалған комплаенс офицерлер өз мекемелерінде бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу және оның туындауына тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады. Әрбір квазимемлекеттік сектор ұйымдарында тағайындалған жауапты комплаенс мамандар бұдан былай өз мекеме ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізіп, тәуекелдердің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады.
Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде тәулік бойы 1424 CaII-орталығы жұмыс істейді.
Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат осы номерге хабарласа алады.