Сыбайлас жемқорлық — бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Ал бұның алдын алу үшін заң аясында маңызды жұмыстар атқарылып, түрлі шаралар қолға алынуда. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлері де белсенділік танытып келеді.
Мәселен Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында полицейлер арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында маңызды жиналыс өтті. Бұл жиынға басшы құрам мен жеке құрам түгел қатысты. Онда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде сыбайлас жемқорлықты дер кезінде анықтауға және жұмыстан шығаруға мүмкіндік беретін адалдықты тексеру аясында сөз қозғалды.
Сонымен қатар, адам бойындағы парасаттылық арқылы жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыруға бірлесе жұмыс жасағанда ғана жетуге болатындығы әңгімеленіп, ұжымда парасаттылық құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығы талқыланды.
Сонымен қатар Жетісай аудандық полиция бөлімінің Анықтау бөлімшесінің бастығы полиция майоры Азат Мұсырманқұлов сыбайлас-жемқорлықтың зардабы туралы және бұған қарсы атқарылған жұмыстарды саралап, баяндама жасады.
Іс-шарада Мемлекет басшысының Жолдауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және оны болдырмаудың қазіргі заманғы әдістерін қолдану мәселелері, бизнестің адалдығы мен аталған саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғауға бағытталған шаралар қызметі талқыланды.
Іс-шараға қатысушылар жиын барысында өз ойларын ортаға салып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды қолдайтындарын жеткізді.
Шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейту мақсатында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға жоспар құрылып, нақты міндеттер қойылды.