Түркістанда жалған нөмірмен жүрген «Toyota Land Cruiser» көлігі мен айыппұлы 1,1 миллион теңгеден асқан 16 автокөлік анықталды.
Түркістанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтайтын жаңа «Қорғау — Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылды. Естеріңізге сала кетсек, бұл қосымша патрульдік полицейге жақын маңда жол ережесін бұзған немесе көлігіне жалған нөмірлер орнатқан заңбұзушыларды көрсетіп отырады. Сондай-ақ айыппұлы төленбеген, сақтандыру, техникалық байқаудан өтпеген немесе іздеуде жүрген автокөлік жүргізушісі жайлы хабардар етеді. Осылайша жол қозғалысын қадағалау кезінде полицияға, құқықбұзушылықтың алдын алуға кәдімгідей мүмкіндік береді.
Аталған жаңа бағдарлама іске қосылғалы, Түркістан облысының орталығында 1 апта ішінде жол ережесін бұзған 60-қа жуық автокөлік анықталып, айыптұраққа жеткізілген. Олардың ішінде түрлі жол ережесін бұзған – 27 автокөлік, мiндеттi сақтандырудан өтпеген – 6 автокөлік, мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген — 8 автокөлік анықталып отыр. Одан бөлек айыппұлы төленбеген –16 автокөлік анықталып, олардың айыппұлы 1,1 миллион теңгеден асып кеткені белгілі болды. Ал көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi бар көлiк құралын басқару бойынша 1 жайт анықталып, жүргізушіге тиісті шара көрілген. Нақтырақ айтсақ, патрульдеуге шыққан Түркістан қаласы полицейлерінің планшетіне, Төлеби көшесі бойында көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып алған «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің жүргені туралы ақпарат түседі. Осы бойынша бірден іске кіріскен полицейлер, көлігіне жалған нөмiр қойып алған жүргізушінің соңынан жетіп, оны жауапқа тартты. Анықталғандай, орта жас шамасындағы жергілікті тұрғын өзінің «УАЗ-315195» маркалы көлігіне тиесілі нөмірді, «Toyota Land Cruiser»-ге орнатып алған. Аталған жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-ның 590-бабы 4-бөлігімен «Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару» әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айыптұраққа қойылды. Айта кететін жайт, әрбір жүргізуші өзімен қатар, өзгенің де өміріне қауіп төндірмес үшін жол ережесін мұқият сақтап, қажетті құжаттарын заңға сәйкес реттеп, түгелдеп жүруі тиіс. Расымен, жыл сайын республика жолдарында 2000-нан астам адамның жол-көлік оқиғалары салдарынан көз жұматыны анықталған. Осы орайда жол-көлік оқиғалары мен бірқатар жол қозғалысы ережелерін бұзушылардың санын азайту мақсатында, аталмыш жаңа «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылғанын атап өткізіміз келеді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі