Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Ұрылардан абай болыңыз!

Ұрылардан абай болыңыз!

Полицейлер теледидарды спутниктік қосымшасымен бірге жымқырған ұрыны ұстады, деп хабарлайды  Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары ауылдағы үйлердің бірінен тұрмыстық техника ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады. Тәртіп сақшылары тінту кезінде, күдіктіден ұрланған теледидар мен оның спутниктік қосымшасын тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.

Толықтырып айтсақ, аудандық полицияның кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түседі. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер оның үйіне терезе арқылы кіріп, спутник пен теледидарын ұрлап кеткен.

Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 180 мың теңгені құрады. Учаскелік полиция инспекторлары ұрлық қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстау мақсатында дереу оқиға орнына шықты. Олар аулаларды аралап, куәлардан жауап алды.

Осылайша жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен бұрын сотты болған жергілікті тұрғынды ұстады. Қазіргі таңда сезіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.

Пәтер ұрлығы көбінесе жұрт жұмысқа кеткенде, яғни, үйде ешкім жоқ кезде жасалады деу – қате пікір. Сақшылардың сөзінше, тұрғындар шырт ұйқыға кеткенде де үйге түсетіндер бар. Сондықтан, есік-терезені мықтап бекітіп, сақтық шараларын естен шығармаған жөн.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өз мүлкін сақтауда қырағы болуға, тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға кеңес береді. Сондай-ақ мүмкіндігінше тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен күзет дабылы, сондай-ақ терезелерге темір тор орнатылуы қажет. Егер де, сіз, ұрлық немесе тонау қылмысының құрбаны, куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*