Түркістан облысында өзгенің атынан несие рәсімдеген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Сайрам аудандық полиция басқармасының полицейлері, бөтен біреудің атынан несиелік ұйымдардың бірінен қарыз алған күдікті жас жігітті ұстады.
Нақтырақ айтсақ, кезекші бөлімге жергілікті тұрғындардың бірі алаяқтық қылмысы бойынша шағымданған. Жәбірленуші өз арызында, оның үйіне таныс емес адам келіп, спутниктік теледидарды қайта тіркеп беремін деген сылтаумен, жеке құжаттарын алып кеткенін көрсеткен. Содан кейін алаяқ ұялы телефон арқылы ауыл тұрғынының атынан микроқаржы ұйымдарының бірінен 100 мың теңгеге несие рәсімдегені белгілі болды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сайрамдық криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, алаяқтық жасады деген күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотталған Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты. Сезікті оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін полицияға жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған жайт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу күдіктінің басқа да алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтайды.
Сіздің мүлкіңізге қылмыстық қолсұғушылықты болдырмау үшін, Түркістан облысының полицейлері егде жастағы адамдарға, таныстарына, туыстарына және көршілеріне жеке мәліметтерін, телефон, әлеуметтік желілер арқылы жіберуге болмайтыны туралы түсіндіру жұмысын жүргізуде. Бірер күн бұрын Полиция басқармасы мен банк қызметкерлерінің қатысуымен өткен кездесуде менеджерлер күдікті аударымдар орын алған кезде клиенттерге қоңырау шалынбайтыны туралы ескертті және бұндай жағдайда Call-орталықтың нөміріне хабарласып, банк кеңселеріне баруға шақырады. «Қала және облыс тұрғындарын жеке мәліметтерді, банк карталары, құжаттардың фотоларын, сондай-ақ интернет-банкинг және әлеуметтік желілердің логин мен құпиясөздерін ешкімге жібермеуге шақырады.