Түркістандық полицейлер шөл далада екі күн бойы адасып жүрген мүгедек ер азаматты тапты, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Жалпы қоғамда азаматтардың, жасөспірімдердің еш хабарсыз, ұшты-күйлі жоғалып кетуі жиі ұшырасады. Олардың жастары мен әлеуметтік статустары да әр алуан. Мысалы ойын қызығына батып, өз мекенжайынан жаңылысып қалатын балақайлар, енді бірі бір себептермен өз үйінен қашып кеткен жасөспірімдер және күнкөріс қамымен жер-жерлерді кезіп жүріп, хабар-ошарсыз кеткен азаматтар. Ал, күннің бұзылуынан бағытын таппай жайылымда адасып кететін азаматтар да жетерлік.
Жуырда Отырар АП-не кешкі сағат 17:00 шамасында Шәуілдір ауылының тұрғыны 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Ол әйелдің айтуынша өзінің 29 жасар 1 топтағы мүгедек ұлын жоғалтып алған. Яғни ұлы шалғайда орналасқан мал жайылымдық алқаптағы үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Бір күн бойы іздеп таба алмаған жігіттің туыстары полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Отырар АПБ қызметкерлері хабар алысымен жедел қимылдап, жеке құрам толық жұмылдырылды. Бұдан бөлек бұл құрамға төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен еріктілер қосылып, жалпы 50 адамнан құралған топ ер азаматты іздеуге кірісті. Полицейлер өзге де мал жайылымдық алқаптарды, Қызылорда облысы және Өзбекстан Республикасымен шектесетін құмды аймақтарға дейін түгел аралап шықты. Күні-түні дамыл таппай іздеу нәтижесінде жоғалған бала 2 күннен соң 20 шақырым қашықтықтағы шөл даладан табылды. Тәртіп сақшылары табылған ұлды аман-есен анасына табыстады.
Анықталғандай бұл отбасының жеке мал жайылымдық алқабы және онда вагон үйшігінен жасалған баспанасы болған. Жанұя мүшелері сыртта малдарының жем-суын беріп, абыр-сабыр болып жүргенде мүгедек ұлдың үйшіктен шығып кеткенін ешкім байқамаған.
Өз кезегінде жігіттің анасы полицейлердің қырағылығына риза болып, алғысын айтты. Бұған қоса жоғалған ұлдың туыстары сақшылардың екі күн бойы тынымсыз атқарған жұмыстарына шексіз ризашылықтарын білдірді.