Полицейлер Мақтаарал аудандық әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Жедел кеңеске Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары полиция полковнигі Шоқан Сәруар, екі кент, тоғыз ауылдық округтердің әкімдері, ветеринария саласының мамандары, аудан прокурорының орынбасары және ауданның тәртіп сақшылары қатысты. Шараның басты мақсаты – ауылшаруашылық жануарларын сәйкестендіру, тасымалданатын малға ветеринариялық құжатты тапсыру тәртібі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру және жергілікті атқарушы органдармен бірге атқарылатын жұмыстарды қарау. Жиын барысында әр саланың қызметкерлері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды. Сонымен қатар алдағы уақытта ауыл әкімдері, учаскелік полиция инспекторы, ветеринария сала қызметкерлерімен біргелікте қараусыз қалған және егістік алқаптардың жағалауында арқандаулы қалған малдарды қамап, иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, тұрғындарға мал иелері мен бақташылар арасында үш жақты келісім шарттарын жасау керектігі де ескертілді. Және мал базар болатын күні полицейлер мен ветеринария саласының қызметкерлері бірге рейдтік іс-шаралар жүргізіп, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласының заңнамасын бұзу», 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды алау және жою қағидаларын бұзу» бойынша жұмыстар атқарылатын болды. Осы секілді жиындар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.