Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Электр құрылғыларын жымқырған жас жігіттерді ұстады

Электр құрылғыларын жымқырған жас жігіттерді ұстады

Түркістан облысының полицейлері жаңа құрылып жатқан бағанадан электр құрылғыларын жымқырған жас жігіттерді ұстады, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жарықтандыру саласымен айналысатын мекемелердің бірінен ұрлық қылмысы бойынша шағым келіп түсті. Онда Шымкент-Самара тас жолының 54-60 шақырым арасындағы жол жиегінде орнатылған бағаналардан электр сымы, 120 дана Траверс ORG 56 материалы, 360 дана оқшаулағыш сынды электр құрылғылары ұрланғаны көрсетілген. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгеге жуықтады. Аталған жайт Қазақстан Республикасы  Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, ұрыларды құрықтау мақсатында полицейлер бірден іске кірісті. Оқиға барысын көрген-білген азаматтардан жауап алып, сұрастырды. Осылайша жинақталған барлық ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке басы анықталып, іздестіру жұмыстары барысында үш жас жігіт ұсталды. Тағы бір күдіктіге қатысты іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Тексеру кезінде күдіктілердің бұрын электрик болып жұмыс істегені анықталды. Олар өздеріне ақша қажет болғандықтан, оңай жолмен олжалы болғысы келген. Содан жаңадан орнатылып жатқан бағаналардағы жарық беруге, таратуға арналған құрылғыларды шешіп алып кеткен. Ұрлық бұл әрекетін араға бірнеше күндер салып, үш рет жасаған. Бүгінде күдікті деп танынып отырған үш азамат та қамауға алынды. Қазіргі таңда олардың үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ескертеді, өзіңізге тиесілі мүліктеріңізге сақ болыңыздар. Егер де, сіз, қандай да бір ұрлық қылмысының құрбаны не куәсі болсаңыз, бірден полицияның шұғыл 102 нөміріне хабарласыңыз.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*