Полицейлер 20-дан астам ерекше баланы медициналық тексеруден өткізіп, зообаққа саяхатқа апарды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Балаларды қорғау дегеніміз — әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. Балалардың болашағын ойлау – барша адамзаттың міндеті. Осы орайда полиция қызметкерлері қоғамның тыныштығын ойлап қана қоймай, қайырымдылық секілді игі шараларда да өздерінің үлестерін қосуда.
Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы негіздерінің бірі – Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ішкі істер органдарының қызметкерлері ел саясатының қолдаушысы, халқының қамқоршысы болып саналады. Олар қауіпсіздікті ойлап қана қоймай, түрлі шараларда белсенді. Үнемі халықтың шын жанашыры. Полицейлер игі іс-шараларды ұйымдастыруда да өздерінің қамқоршы екендіктерін көрсете білді.
Мәселен, Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық ауруханамен бірлесіп, «1 маусым – Балаларды қорғау» күніне орай, игі шара ұйымдастырды. Олар ерекше балаларды ауруханаға шақырып, дәрігер мамандардың қабылдауында болып, медициналық тексеруден өткізді. Сонымен қатар аурухананың ауласында концерттік бағдарлама ұйымдастырып, балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Ұйымдастырушылар оларға сыйлық табыстады.
Полицейлер балалардың көңілдерін көтеріп, олармен уақыт өткізу мақсатында арнайы автобус жалдап, Шымкент қаласындағы Зообаққа саяхатқа алып барды. Балаларға арнайы ақ дастархан жайып, сол жерден тамақтандырып, қайырымдылық шарасын өткізді.
Мереке қарсаңында жүздеріне күлкі үйірілген балалар шараны ұйымдастырушыларға өздерінің алғыстарын білдіріп, ерекше әсерлерімен бөлісті.
Балаларды қорғау күніне арнайы ұйымдастырылған бұл шараға ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп, тәртіп сақшыларына ізгі тілектерін айтты.