Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Тәртіп сақшыларының балалары сурет салудан сайысқа түсті

Тәртіп сақшыларының балалары сурет салудан сайысқа түсті

Балаларды қорғау күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мейрам.

Осы тұрғыда Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдер арасында көркем сурет салудан жарыс ұйымдастырды. Ерекшелігі сол, сайысқа полиция қызметкерлерінің 20-ға жуық ұл-қыздары қатысты. Жарыс барысында учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Бекзат Қабылбековтың қызы, А.Бөкейханов атындағы №23 мектептің 1 «в» сынып оқушысы Еркеназ Болат топ жарып шықты. Жарыс жеңімпазы Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан барлық балаларға ынталандыру ретінде алғыс хаттар беріліп, сыйлықтар табысталды. Шараның мақсаты – балалардың қиялын дамытып, эмоцияларын, идеяларын, әрбір ерекше, жағымды сәттерін бейнелеуге дағдыландыру.

Яғни, өзінің ойын қағазға түрлі түсті қаламмен байланыстыра отырып түсіру, сурет өнеріне баулу болып табылады.

Ал, Келес ауданының полицейлері мен аудан әкімшілігінің қызметкерлері 6 мектептің оқушыларын қатыстыра отырып, асфальтке сурет салудан жарыс өткізді. Балалардың мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шара Мәдениет үйінің алдында өткізілді. Балалардың қиялымен салынған сан түрлі бейнелер түсірілді. Бірі бейбіт күнді суреттесе, енді бірі күннің шуақ шашып тұрған сәтін салды.

Шараға қатысқандар арасында №1 О.Есімов, №3 Ә.Молдағұлова, №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектептерінің оқушылары топ жарды. Жеңімпаздар мен олардың жетекшілері арнайы «Алғыс хаттармен» марапатталды. Сонымен қатар, барлық сайысқа қатысушы мектеп оқушыларына сайысқа белсенді қатысқандары үшін Келес аудандық полиция бөлім бастығының арнайы марапаттарына тапсырылды.

Аталған сайыстан кейін Келес ауданы Мәдениет үйінің өнер қайраткерлерімен мерекелік концерттік іс-шара өткізіп, балалар мәз-мейрам күйде тарқасты.

Балалар күні Мақтаарал ауданында да жалғасын тапты. Аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, «Мейірім-шапағаты» оңалту орталығының мүмкіндігі шектеулі балаларына тосынсый жасады.

Полицейлер ерекше бүлдіршіндердің сауығып, қанаттанып кетуіне ниет білдіріп, түрлі тәттілер мен балалардың ой өрісін дамытатын «Халық ертегілері» кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар денсаулықты жақсартып, балалардың сауығып кетуіне жәрдемші болатын жаттығу жасауға арналған спорттық құрал-жабдықтар сыйлады. «Оң қолыңмен бергенді, сол қолың көрмесін» деген ұлағатты ұғым бар.

Десек те, осындай игі істерді кейінгі буынға насихаттайтын адал полицейлердің бары қуаныш сыйлайды. Шынында да түркістандық полицейлер бала болашағын ойлаған жаны жомарт, өз елінің нағыз патриоттары!

Бұл бағыттағы шаралар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*