Түркістандық полицейлер «кәсіпкерлікті қолдау қорынан ақша алып беремін» деп алаяқтық жасаған орта жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйел адамның айтуынша, өзінің танысы «Кәсіпкерлікті қолдау қорынан қайтарымсыз 1 000 000 теңге алып беремін» — деп, сеніміне кіріп, 200 000 теңге ақшасын алған. Алайда берген уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай 1 жыл бойы созбалыққа салып жүрген.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің
190-бабы 1-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Тәжірибелі тәртіп сақшылары қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жан-жақты іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдіктінің жүрген жері анықталып, Жетісай аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Күдікті әйел жәбірленушіден алған ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Күдіктінің бұдан басқа қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда әртүрлі қымет түрін жеңіл түрде ұсынушы алаяқтар саны көбейген. Алаяқтар аз ғана ақша берсеңіз бірі банктен жеңіл жолмен несие алып беруді уәде етсе, енді бірі басқа да материалдық заттарға оңай жолмен қол жеткізуге тұрғындарды сендіреді. Қаржылық сауаттылықты арттырып, тек ресми мәліметтерге ғана сүйенген жөн. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуда немесе жұмысқа орналасуда күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді.
Сондай-ақ осындай алаяқтық қылмысына куә болсаңыз, дереу полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.