Бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Полицейлер екі тұрғыннан 5 000 000-ға жуық ақша алып, алаяқтық жасаған күдікті әйелді ұстады, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Сарығаш аудандық полиция бөліміне жергілікті екі бірдей әйел адам арызданды. Олардың айтуынша, сырттай танысы «Даму бағдарламасы бойынша қайтарымсыз ақша алып беремін» — деп, сенімдеріне кіріп, біреуінен 2 600 000 теңге, екіншісінен 2 200 000 теңге ақша алған. Алайда, жарты жылдан астам уақыт өтсе де, күдікті берген уәдесін орындамаған. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 4 800 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшыларының жедел іс-шаралар жүргізуі барысында, күдікті әйелдің жеке-басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті жеңіл жолмен ақша табу мақсатында осындай қадамға барған. Күдікті жас әйел жәбірленушілерден алған қаражатты жаратып жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мұқият болуды және әртүрлі жәрдемақы алуда немесе жұмысқа орналасуда күмәнді қызметтер ұсынатын адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ осындай алаяқтық қылмысының куәсі болсаңыз, дереу полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.
Әрбір мәселені заңсыз жолмен емес, тек заң шеңберінде шешуге дағдыланыңыз!
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген.
Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.
Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген.
Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.