Түркістан облысының полицейлері трактордың аккумуляторын ұрлаған күдіктіні ұстады, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Жуырда Отырар аудандық полиция бөліміне ер адам арызданды. Оның айтуынша тұрғын үйінің ауласының сыртында тұрған «К-700» маркалы трактордың құны 75 000 теңге тұратын 2 дана аккумляторын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығынның жалпы көлемі 150 000 теңге. Аталған жайтты полицейлер Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарламаны естіген тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Олар ұрлық қылмысын ашуға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден оқиға жөнінде жауап алды. Нәтижесінде оның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Анықталғандай күдікті жас жігіт сол көшеден күнделікті өтіп, бақылап жүрген. Ер адам ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, арам ойын жүзеге асырған. Күдікті ұрлаған бөтеннің мүлкін арнайы аккумулятор қабылдайтын орынға алып барып өткізіп, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді. Пайдакүнемдік мақсатпен бөтен мүлікті жасырын ұрлау қылмыс болып саналады. Әрбір қылмыстың өтеуі – жаза екенін естен шығармайық.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар ғимараттарды ашық қалдырмай, есік-терезелердің жабық болғанына көз жеткізіңіздер. Егер де, ұрлық қылмысының куәсі болсаңыз, полицияға хабарласыңыз.