Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 2 ақпанында бекіткен тұжырымдамасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты насихаттау мақсатында ауданымызға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, аталған департаментінің Превенция басқармасының аға офицері Гүлжамал Қансеитова, бас маманы Гүлмира Төлегенқызы арнайы жұмыс сапарымен келіп, аудан аумағындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен және үкіметтік емес ұйымдармен, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерімен, құқық қорғау органдары мен кіріс басқармасының қызметкерлерімен, әлеуметтік және санитарлық эпидемиологиялық басқармасының мамандарымен, кәсіпкерлермен және ауыл тұрғындарымен, аудан жастарымен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру шараларын өткізді. Аталған кездесу жиындарына аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақыт Омарбеков қатысты.
Агенттік өкілдері ағымдағы жылдың үш ай қорытындысымен орын алған қылмыстарға тоқталып, әртүрлі саладағы туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы адалдық қағидаларын қалыптастыру мәселелері және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, оның алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру жөнінде баяндама жасап, еркін форматта әңгіме өрбітті. Департаменттің арнайы дайындалған бейнеролигі көрсетілді.
Айта кету қажет, бұдан былай Түркістан облысына қарасты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде тағайындалған комплаенс офицерлер өз мекемелерінде бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу және оның туындауына тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады. Әрбір квазимемлекеттік сектор ұйымдарында тағайындалған жауапты комплаенс мамандар бұдан былай өз мекеме ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізіп, тәуекелдердің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады.
Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде тәулік бойы 1424 CaII-орталығы жұмыс істейді.
Лауазымды тұлғалар тарапынан ақша қаражатын бопсалау, жымқыру, өкілеттілігін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат осы номерге хабарласа алады.