Полицейлер көлігіне жалған нөмір тағып алған жүргізушіні жауапқа тартты, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Полиция қызметкерлері қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздікті сақтау сынды кезек күттірмес қиын да қауіпті қызметтерімен бірге, жол қозғалысы, жол апаттарының алдын алу мақсатында сан алуан жұмыстар жүргізеді. Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері осындай кезекті рейд кезінде Атакент кентіндегі полиция пунктінің алдында тұрған «Daewoo Nexia» маркалы автокөліктің нөмірінің жалған болуы мүмкін екендігіне күдіктенді. Осы бойынша полиция қызметкерлері шұғыл әрекетке кірісті. Қажетті шараларды іске асыра отырып жүргізушінің көлігіне жалған мемлекеттік нөмір тағып алғанын анықтады. Аталған жүргізушіге Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің
ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлігі «Көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу белгілерін орнату» бойынша хаттама толтырылды.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтап, жүргізушілерді осы тәрізді олқылықтарға жол бермеуге шақырады. Қайта жабдықтауды да заңға сәйкес жасау қажет.
Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұранамыз. Одан бөлек жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолданып көлік басқаруға кеңес береді. Осы орайда кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп ескертеді.