Полицейлер кеурек дәрілік өсімдігін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген 51 шетелдікті анықтады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон желілерінің алдын-алу және оларды ұйымдастырушыларды анықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Облыс аумағында жүрген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес.
Осындай шара кезінде Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қарақоңыр ауылдық округіне қарасты далалық алқаптарда кеурек өсімдігін жинап жүрген 51 шетел азаматын анықтады. Олардың 31-і Өзбекстан, 17-сі Тәжікстан Республикасының азаматтары болып шықты.
Тәртіп сақшылары анықталған азаматтарды дереу полиция бөліміне жеткізіп, шетелдіктерге Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша шара көріп, ел аумағынан аластатты.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тек орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ бұл бағыттағы тексеру жұмыстары ары қарай жалғаса бермек.
Айта кетейік, Кеурек — шипалық қасиеті бар дәрілік шөп. Көктемде бой көтеретін бұл өсімдік тек құрғақ, құмды жерді «паналайды». «Сасық кеурек» деген атпен танылған бұл өсімдіктің оннан астам түрі де Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізілген. Ашық дереккөзге сүйенсек, бұл өсімдіктің шикізаты Пәкстан, Ауғанстан, Үндістан, Иран елдерінде мол сұранысқа ие. Сондықтан бұл елдерде кеуректің бір келісі 150 АҚШ доллары шамасында саудаланады екен.