Полицейлер жоғалған 5 жасар қызды базардан тауып, отбасына қайтарды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан облысы Келес аудандық полиция бөліміне әйел адам арызданды. Оның айтуынша, сағат 13:00 шамасында ауласында ойнап жүрген немересі белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Өздері іздеп таппаған соң, полиция қызметкерлерінен тауып беруін өтінген. Аталған жайтты естіген бойда полиция қызметкерлері тұрғынның үйіне барды. Олар мән-жайды анықтап, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізді.
Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған қыз 1 сағат уақыт аралығында 2 шақырымдық орталық базардан табылды. Анықталғандай кішкентай бүлдіршін ауласында ойнап жүріп, үйінен алыстап кеткен. Тәртіп сақшылары оны отбасына апарды.
Немересін аман-есен тапсырған тәртіп сақшыларына әжесі алғысын білдірді. Ол: «Полиция қызметкерлерінің жылдам әрекеттерінің арқасында немерем 1 сағатта табылды. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Сіздерге алғысым шексіз!» — деп атап өтті.
Адам жоғалудың әрбір жайты полиция қызметкерлері үшін үлкен ыждахаттылықты жүктейді. Олар істі ашу үшін барлық шараларды атқарып, көрген-білгендерден жауап алып, баруы мүмкін жерлер қаралады. Жақындарынан түсінік алынып, нәтижелі жұмыс атқарады. Осындай қиындығы мен жауапкершілігі мол жұмыс атқаратын полиция қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.
Полиция азаматтардан кәмелетке толмаған балаларына мұқият болуды және оларды қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ әрқашан олармен ортақ тіл табуға тырысуды сұрайды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары жақын туыстарының бірі жоғалған жағдайда дереу көмек сұрап, өз бетінше іздеуге уақыт жұмсамау керектігін айтады.