Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » Спортшылар әулетінен шыққан полицей

Спортшылар әулетінен шыққан полицей

Құқық қорғау саласында қызмет ету нағыз батырларға тән екенін полиция қызметкерлері барынша дәлелдеп бағуда. Ал біздің тақырыбымызға арқау болған сондай азаматтың бірі Түркістан облысы ПД Оқу-жаттығу взводының инспекторы полиция капитаны Ж.Айдарбеков. Ол биыл 28 сәуір күні 28 жасқа толды. Ширек ғасырдан астам уақытында Жәнібек ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Оның алда бұдан да биік белестерді бағындырары анық.

Полиция капитаны жақында ғана Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында «Әмбебап жекпе-жек» спорт түрінен өткен әлем чемпионатында 700 үміткердің арасынан топ жарып, күміс жүлдені еншілеген болатын. Жеңіспен оралған әмбебап спортшы араға апта салмай Түркітілдес халықтар арасында «Грэпплинг» сайысынан Халықаралық турнирге қатысып, алтын медалді қоржынға салды. Ең алдымен Айдарбектің немересін осы жеңістерімен шын жүректен құттықтағымыз келіп отыр. Отбасында әкесі және бірге туған ағалары спорт саласының үздіктері болғандықтан болашақ полицей 7 жасынан бастап, физикалық тұрғыдан шыңдалып, спорттық жарыстарда бала кезінен жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. Оның самбо күресінен Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанында айта кеткеніміз жөн. Ал құралайды көзге атқан мергендігі өз алдына бөлек әңгіме.

-Менің отбасымда бәрі спортпен айналысты. Себебі жаттықтырушы әкеміз. Ол біздің ержүрек болып өсіп, елге пайдасы тиер азамат болғанымызды қалады. Алғаш құқық қорғау органына қызмет етем дегенімде әкем қатты қолдау білдірді. Оқу-жаттығу взводы арнайы операциямен жұмыс жасайтындықтан шапшаңдық пен дәлдікті қажет етеді. Мұндай қауіпті де жауапты қызметте ержүрек азаматтар қызмет етуі керек деп, құқық қорғау органындағы еңбек жолымды Ақтау қаласында бастадым. Спорт-менің сенімді серігім. Қызмет барысында тез шешім қабылдап, әркез сақадай сай жүруім, спорттан алған тәлім мен тәрбиенің жемісі. Сонымен қатар осындай әлемдік деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуім маған үнемі қолдау білдіріп отыратын Оқу-жаттығу взводының командирі Д.Ахметовтің арқасы. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Полицейдің физикалық, моралдық тұрғыдан мықты болуына аса мән беретін командир қол астындағы қызметкерлердің әлемдік жарыстардан жүлделі орын иеленгеніне шын қуанып, дайындықтарына дейін өзі қадағалап, барынша жағдай жасап жүреді.

Мінеки полицей саласында тек ержүрек азаматтар қызмет етеді деп түсінетін Жәнібек 6 жылдан бері құқық қорғау саласында қарымды еңбек етіп жүр. Спортшыға тән намысшылдығымен және полицейге тән патриоттығымен көзге түсіп жүрген полиция капитанының қай салада болмасын тек жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектеспіз.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*