Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ЖУРНАЛИСТЕР МЕН БАСПАСӨЗ ХАТШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТІП ЖАТЫР

ЖУРНАЛИСТЕР МЕН БАСПАСӨЗ ХАТШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТІП ЖАТЫР

Шымкентте “Бүгінгі медиа: біліктілік және қоғаммен байланыс” атты семинар-тренинг басталды. Қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен өтіп жатқан семинар журналистер мен баспасөз қызметінің өкілдеріне арналған. Семинардың алғашқы күнінде басқарма өкілдері мен белгілі журналистер, блогерлер тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарда жалпы журналистиканың даму бағыты, салалық заңға енгізілу үшін қаралып жатқан өзгерістер сөз болды.
– Бұл семинардың берері мол болмақ. Мемлекет басшысы Жолдауында БАҚ саласына баса мән берген еді. Қазіргі заманда медианың алар орны ерекше. Жаңа Қазақстанды құруға БАҚ өкілдері де атсалысуда, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Мұхтар Сейітжаппаров.
– Журналист тек ақпарат жеткізуші емес, қоғамның қозғаушы күші де бола алады. Сондықтан, БАҚ өкілінің дүниетанымы неғұрлым кең болса, бұқараға тигізер пайдасы да соғұрлым мол болады. Одан кейін, әсіресе, журналистерге айтарым, бір саланың мықты маманы болсаңыз, ұтарыңыз көп. «Тақырыбын тапқан адам» деп сондайды айтамыз, – деді «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан.
Бұдан кейін сөз алған медиа сарапшысы Өркен Кенжебек дәстүрлі журналистика мен блогингтің айырмашылығына тоқталды. Журналистикада 12 жылдық тәжірибесі бар маман жеке блог жүргізудің қыр-сырымен, өз тәжірибесімен бөлісті.
Семинар барысында, сондай-ақ, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Шымкенттегі меншікті тілшісі Ғани Қалмахан телевизиялық сюжет жасаудағы ерекшеліктер туралы әңгімеледі. Журналистер мен баспасөз хатшылары өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды, пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, өңірімізге ғана емес, елімізге белгілі журналистер Бейсенкүл Нарымбетова мен Зәуре Оралбаева ұйымдастырған семинар-тренинг үш күнге жалғасады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*