Арыста қоғамдық орындарда ірі қара малдың бей-берекет жайылып жүргені тұрғындардың наразылығын тудырды. Қараусыз мал қаланың көгалдандыру жұмыстарына залалын тигізетіні даусыз.
Қалалық әкімдік мамандары жергілікті полиция бөлімімен бірлесіп қараусыз мал иелерін сырғасы арқылы анықтады. Қаламызда егілген гүлзарлар мен жасыл желекті бүлдірген мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Жалпы қараусыз малдың бей-берекет жайылып жүруі қала тұрғындары үшін де қауіпті. Қаламыздың жасыл желегін бүлдірумен қатар, автожолға алаңсыз шыққан мал, жол апатын тудыруы мүмкін. Сондықтан, мамандар тұрғындардан төрт-түлігін тәулік бойы көзден таса қылмауды сұрайды.