Бүгінгі таңда құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау күн тәртібіндегі мәселелердің бірі екендігі баршамызға аян.
Осы тұрғыда аудандық әкімшілік ғимаратында мекемеаралық жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен аудан прокуроры Айдархан Жорықбайұлы, аудан әкімнің орынбасарлары мен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, аудандық полиция бөлімі бастығының м.у.а Есімжан Надиров пен қала, кент, ауылдық округ әкімдері, Түркістан облыстық “Парвиз” этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов пен «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының басшысы Данияр Мырзамуратов пен дербес бөлім басшылары қатысты.
Мәжілісті аудан прокуроры Айдархан Жүнісбеков ашып,жүргізіп отырды. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Жиын барысында аудандағы құқық бұзушылық профилактикасы, проблемалық мәселелер мен осы бағытта атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды.
«Ұлтаралық ынтымақтастық және аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі» жайында аудан әкімінің орынбасары Серік Прімбеков пен «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының басшысы Данияр Мырзамуратов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар есебін берді. Аудандық полиция бөлімі бастығының м.у.а Есімжан Надиров пен баяндамашылар тарапынан ұсыныстар енгізіліп, алдағы уақытта бекітілген кесте мен алгоритм жүйесі бойынша бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
«Әлеуметтік қауіп ошақ картасына енгізіліп, ұзақ уақыт шешімін таппаған мәселелерді талқылау, кризистік жағдайдың орын алуына жол бермеу» мәселесі бойынша аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев баяндама оқыса, аудан әкімінің орынбасары Асан Жақыпбекұлы мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетовтен жоғарыда аталған мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалып, талқылау жүргізілді.
«Коммуналдық қалдықтарды тазарту» мәселесі бойынша Жетісай қаласының әкімі Тұрышбек Күлішұлы баяндама жасап, атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, заң аясында тиісті жауаптар берілді.