Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТЫНЫҢ 2022-2026 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТҮСІНДІРДІ

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТЫНЫҢ 2022-2026 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ТҮСІНДІРДІ

Бүгін Төлеби ауданы әкімдігі ғимаратының мәжіліс залында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісовтің қатысуымен жиын өтті. Басқосуды аудан әкімі Төлеген Телғараев ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы жөнінде Ержан Әліұлы баяндап, оның маңыздылығын түсіндіре кетіп, осы кезге дейін атқарылған жұмыстардың барысын әңгімеледі. Сондай-ақ, Түркістан облысы аумағында ағымдағы жылдың осы кезеңіне дейін орын алған қылмыстарға тоқталып, әртүрлі салада туындайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы адалдық қағидаларын қалыптастыру мәселелерін сөз етті. Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа жол берген және сот шешімімен жазаға тартылғандар жөнінде Департаменттің арнайы дайындаған бейнеролигі көрсетілді.
Ержан Әліұлы мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында адал қызмет етудің маңыздылығы түсіндіріп, әдеп нормаларын сақтай отырып, елге адал қызмет ету қажеттігін айтты. Мемлекеттік қызметке жеке бастың қамын ойлап, оны баю көзі ретінде қарастырмай кез келген мәселеде әділ шешім қабылдап, ар тазалығын биік қойып, адал еңбек етіп, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол бермеу керектігін түсіндірді.
Превенция басқармасының басшысы 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдаманың негізгі аспектілерін айтып өтіп, сыбайлас жемқорлық көріністері жиі ұшырасатын салалар мен оның тәуекелдік көріністері орын алуы мүмкін мекеме қызметкерлерін жұмысына ішкі талдау жүргізу маңыздылығын түсіндіріп өтті. Бұған қоса, мемлекеттік қызметкерлердің кірістер басқармасына декларация тапсырып қана қоймай, оның барлық есеп – шоттары үнемі бақылауда болатынын, яғни негізсіз баюына жол берілмейтіні сөз болды. Мемлекеттік мекеме қызметкерлері отбасылық кірістерді заңдастырып, оған қосымша салық төлейді. Ал, сыбайлас жемқорлық қылмыстары туралы хабарлаған азаматтар мемлекет тарапынан сыйақыға ие болады.
Жиын барысында Ержан Әліұлы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының өзге де қызметкерлері аудандық мемлекеттік мекемелерде кездесулер өткізіп, аталған тақырыпты кеңінен түсіндіру шараларын жүргізуде. Ал, басқарма басшысы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен аудандық полиция бөліміне арнайы барып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында кездесулер өткізді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*