Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі қоғамның негізгі қолбайлау болып отырған өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан онымен күресті жас буыннан, өскелең ұрпақтан бастаған тиімді болмақ.
Осы мақсатта «Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Біз жемқорлықсыз мемлекет құрамыз» тақырыбында өңірлік семинар болып өтті. Жиынға Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты жалпы Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы орта мектептер мен колледж директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, Түркістан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сарыағаш аймағы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауданаралық басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Алмас Сүйінбаев пен «Жетісай Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұрлыбек Мутаев қатысты.
«ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 9 бабында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі»-дейді. Бұл дегеніміз білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы осындай шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады деген сөз. «Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігіне осындай мән-маңызы жоғары шара ұйымдастырғандары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз» деді жиын барысында Түркістан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Сарыағаш аймағы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауданаралық басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Алмас Сүйінбаев.
Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық ұстанымы мен адам бала бойына қажетті құндылық қатынастарды қалыптастырын қалыптастырып, қабілеттерін дамытатын басты тұлға саналатын ұстаздармен өткен жиында бейнероликтер арқылы презентация жасалып, сыбайлас жемқорлық салдарынан қоғамға, өнеркәсіпке келтірілетін зияндар мен кері әсерлері айтылды, жемқорлық қылмыстары жиі кездесетін салалар сөз болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің оған қарсы сананы қалыптастырудан басталатынын алға тартатын қатысушылар қоғамдағы бірлік, әдеп, игі адами қарым-қатынас пен ұйымшылдық құндылықтарының сақталуын жақтайтындықтарын да жасырмады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін қалыптастыру болып табылады. Сондықтан да, қоғамда адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін қалыптастыру өте маңызды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – ол тек қана сана емес, ол – сыбайлас жемқорлықты бүкіл жан-тәнімен қабылдамау, қарсы тұра білу» дейді шараға қатысқан Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маман-заңгері Жандос Қадырбаев.
Семинар барысында қатысушылар мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет жасап, билік пен басқару органдарының беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай заңдылық қағидаларын жоққа шығаратын, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайтын қылмыстың ең қауіпті түрі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп күресуге уағдаласты.