Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Келес ауданы әкімдігі жанындағы ведомствоаралық құқық бұзушылық профилактикасы комиссиясының хаттамалық тапсырмасы негізінде, нашақорлыққа қарсы комиссия шеңберінде ауыр психатроптық дәрі болып табылатын — трамадол дәрісінің кері әсері және адам ағзасына тигізетін зардаптары туралы жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша іс-шараларды атқаруды тапсырды.
Берілген тапсырма аясында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдың беделді ақсақалдары, мешіт имамдары және құрылымдық мекемелердің қызметкерлерінен тұратын арнайы жұмысшы топ құрылып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізеді.
Айта кетейік, аудан басшысы ағымдағы жылдың 9 маусымында Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен болатын. Кездесуде Қауыншы елді мекенінің тұрғыны трамадол дәрісінің кесіренен талай отбасы ойран болып, болашағынан айырылып жатқанын айтып, мәселені назарға алуын сұранған болатын.
Трамадол дәрісі дәріханаларда рецепт бойынша сатылуы тиіс. Өкінішке қарай, бұл дәрінің заңсыз қолда сататындар қатары кездесуде. Соның кесірінен аталған зиянды препаратқа тәуелділік шамадан тыс артқан.
Аудан тұрғындарынан сұранарымыз, бұл жағдайдың алдын алмасақ түбі ұлттық қасіретке алып келуі әбден мүмкін. Тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен толық нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан аталған зиянды препаратты қолданған немесе сатып жатқан азаматтар жайлы ақпаратты білсеңіз шұғыл түрде 102 нөміріне хабарласып, ел денсаулығы үшін өз үлесіңізді қосыңыз.