Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының
32-бабы тәртібінде
Қоғамдық қауіпсіздікті, құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Заңның 32-бабын басшылыққа алып, ТҮСІНДІРЕМІН:
Митингілерді ұйымдастыру және өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңмен (бұдан әрі — Заң) реттеледі.
Бұл заң елде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізуді демократияландырып, жеңілдетті.
Жиналыстар, митингілер мен пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі қарастырылған.
Оларды өткізу туралы хабарлама белгіленген күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей жергілікті атқарушы органға жазбаша нысанда беріледі.
Онда бейбіт жиналыстың мақсаты мен нысаны, ұйымдастырушылар мен қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың деректері көрсетіледі (Заңның 10-бабы).
Аталған хабарламаны жергілікті атқарушы орган оны тіркеген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс (Заңның 11-бабы). Осы 3 күн өткеннен кейін жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізуге құқылы.
Созақ ауданында жиналыстар, митингілер мен пикеттер орны болып Шолаққорған ауылы, «Ақшам» мөлтекауданында орналасқан Абай паркінің алдындағы алаңша айқындалған.
Демонстрациялар мен шерулер келісу тәртібімен өткізіледі.
Ол үшін ұйымдастырушы оның өткізілетін күніне дейін 10 жұмыс күн бұрын өтініш беруге, ал жергілікті атқарушы орган ол бойынша 7 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті (Заңның 12, 13-баптары).
Ұйымдастырушы өтініште қатысушылардың жүру бағытын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауды, медициналық көмекті ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шараларын көрсетеді (Заңның 12-бабы).
Өтінішті қарау қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы орган ұйымдастырушыға демонстрация немесе шеру өткізу келісілгені не оны өткізуден бас тартқаны туралы хабарлайды (Заңның 13-бабы).
Созақ ауданында демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін жүру маршруты ретінде Шолаққорған ауылындағы Теріскей көшесінің бойы (Жібек Жолы көшесі қиылысынан-Жамбыл көшесінің қиылысына дейінгі аралық) айқындалған.
Заң бойынша бейбіт жиналыстар қатаң түрде арнайы жерлерде және Созақ ауданының маслихаты белгілеген маршрут бойынша ұйымдастырылуы және өткізілуі тиіс.
Тиісінше, Заңды (3-баптың 3-тармағын) бұза отырып жүргізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (25 тәулікке дейін қамауға алу).
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүретін болса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, ол айыппұл не 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамау түріндегі жазаны көздейді.
Созақ ауданының прокуратурасы азаматтарды қолданыстағы заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырады.
Құқық қорғау органдары белгіленген тәртіпке, қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын кез келген құқық бұзушылықтың жолын кеседі, сондай-ақ оларға жол бермеу жөнінде заңда көзделген шараларды қолданады.
Созақ ауданының прокуратурасы