Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің және құқық қорғау мен уәкілетті органдардың, қала/аудан әкімдері мен басқарма басшыларының қатысуымен мемлекеттік шекара аймағында заңсыз әрекеттерді болдырмауға бағытталған алқалы жиын өтті.
Шарада сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет облыстағы кеден және шекара қызметінде сыбайлас жемқорлық көріністері жоғары екендігін мәлімдеп, соңғы үш жылда және 2022 жылдың 1-тоқсанында Департаментпен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары мен келіп түскен өтініштерді қарау нәтижесінде кеден саласында 11 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелгенін баяндады.
Орын алған барлық фактілер жедел кедендік ресімдеу, кедендік баждар мен әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін парақорлықпен, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланумен, кеден бекеттеріндегі таразылардың пайдалануда бақылаудың болмауы және олардың жарамсыздығымен, «Бір терезе» қағидатын толығымен іске асырмаумен, делдалдардың немесе «толкачтардың» заңсыз іс-әрекеттерімен, кедендік бекеттерде әкімшілік ресурстарды тиімді ұйымдастырмауымен байланысты болған.
Өз кезегінде Н.Самет бұл мәселелер жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне және Агенттік арқылы Қаржы министрлігіне жеткізілгенін және келтірілген ұсыныстардың негізінде тиісті ұйымдастырушылық шаралар қабылданғанын хабарлап, жиынға қатысушылар назарына шекарадағы жемқорлықтың басым бөлігінде делдалдар тарапынан жасалатын заңсыз іс-әрекеттердің жиі кездесетінін ашық атап өтті.
«Мұндай адамдар «делдал» функциясын атқарады және таныстық орнатып, мәселелерін пара беру арқылы шешеді. Кеден бекеттері қызметкерлерінің айтуынша, кейбір жағдайларда қылмыстық ортадан шыққан «делдалдар» жүргізушілерді және лауазымды тұлғаларды қорқытуға және тіпті бопсалауға дейін барады»,- деп делдал тарапынан туындайтын құқықбұзушылықтарға тоқталған Н.Самет оны жою бойынша бірқатар ұсыныстарды хаттамаға енгізуді ұсынды.