Естеріңізге сала кетейік, 19 шілде мен 18 тамыз аралығында Түркістан облысының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты-жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және жолын кесу, жол-көлік оқиғаларын азайту мен жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру.
Тәртіп сақшыларының басты назары — көлікті мас күйінде басқарумен байланысты ЖҚЕ бұзушылықтарына, басып озу, қарсы қозғалыс жолағына шығу, маневр жасау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, қауіпсіздік белдігін тақпау және ұялы телефондарды пайдалану ережелерін бұзудың алдын алуға аударылды. Мәселен Түркістан облысының полицейлері осы бағытта өткізілген шараның 19 тәулігінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 26 504 жайтын тіркеді, оның ішінде 657-сін қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған және мас күйінде автокөлікті басқарудың 108 дерегі анықталды.
Сонымен қатар, облыс жолдарында полицейлер қарсы жолаққа шығудың 62 жайтын, 1038 — жылдамдықты асыру, 238 — бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту және 788 маневр жасау ережелерін бұзу және 148 авариялық жағдай жасау деректерін анықтады.
Сондай-ақ 5364 жүргізуші қауіпсіздік белдіктерін тақпағаны үшін, 2259 бұзушы ұялы телефондарды пайдаланғаны үшін және 19 автокөлік жүргізушілері жалған нөмірлерді пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 30 және заңсыз қайта жабдықтаудың 209 фактісі тіркелді.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтау, мас халде көлікке отырмау және жолдарда жылдамдықты асырмауды ескертеді.