Жетісайлық полицейлер интернет алаяқтықтың алдын алу үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде ғаламтор арқылы алаяқтық қылмысын жүзеге асырып, оңай олжалы болуды көздейтіндер саны жетерлік. Бұл қылмыспен күресуді полиция қызметкерлері күн тәртібінен түсірген емес. Осы тұрғыда Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстың алдын алу үшін адамдар көп шоғырланатын жерлерге барып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Оларға алаяқтықтың құрбаны болмас үшін не істеу керектігі жөнінде ақпараттар беріп, тұрғындарға брошюралар таратты. Алаяқтардың жиі қолданатын әдісі – азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, атына шағын несие рәсімдеу, түрлі қосымша бағдарламалар арқылы онлайн зат сатып алу.
Сондықтан осы секілді күмәнді қызмет ұсынатындарға сенбеуге кеңес береді. Сонымен қатар полицейлер облыс тұрғындарына құжаттарыңыз бен олардың көшірмелерін ешкімге бермеуге, таныс және бейтаныс адамдар ақша сұрап, несие жабу, зат сату және алу секілді қызмет ұсынса, оның сенімді адам екендігіне толық көз жезіп алу қажеттігін ескертті.