Мақтаарал аудандық полицейлер велосипед ұрлаған күдіктіні анықтады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған jetpisbai.kz.
Аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, сағат 02:30 шамасында оның тұрғын үйінің ауласында тұрған «AZIA АВТО» маркалы велосипедін белгісіз тұлға жасырын жымқырып кеткен.
Жәбірленушіге келген шығын көлемі 80 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары оқиға орнына бірден келіп жетті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастырып, жақын аумақтарды қарап шықты. Нәтижесінде, қылмысқа күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталды.
Белгілі болғандай, сезікті жас жігіт түнгі уақыт шамасында ел ұйқыда жатқанда ұрлыққа барған. Ол ұрлаған бөтеннің мүлкін үйіне жасырып қойған. Полицейлер айғақты зат ретінде велосипедті тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлық қылмысының алдын алу үшін тұрғын үйлер мен ғимараттарға, дүкендерге бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.