Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ауыл округіне қарасты тоғайлы алқапта жайылып жүрген 15 бас сиырын белгісіз біреу жасырын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 2 200 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1 «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алды.
Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Күдіктіні анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүзеге асырды. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам ұрлаған 15 сиырды сатып жіберген. Ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығы көбіне тұрғындардың салғырттығы мен қараусыз қалдыратындығы салдарынан болатынын айтуда. Мал ұстайтын аудан тұрғындарына келеңсіз жағдайды болдырмас үшін төрт түлікті құжаттандырып, сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін еске салады.