Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Жайылымнан мал жымқырған әкесі мен ұлы ұсталды

Жайылымнан мал жымқырған әкесі мен ұлы ұсталды

Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары мал ұрлықтарын ашу мен болдырмау мақсатында рейдке шықты. Тексеріс кезінде Тасқұдық ауылының жайылымдық жерінде түнгі уақытта жүрген күмәнді «Газель» көлігі полицейлердің назарына ілінді.
Оқиға орнына бірден келген полицейлер, мал ұрлығы қылмысының үстінен түсті. Яғни сақшылардың қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде, өзгенің сиырын ұрламақ болып, аяқтарын байлап, көлікке тиеп жатқан күдіктілер қолға түсті. Олардан айғақты зат ретінде «Газель» автокөлігі, 1 бас ірі қара мал және көліктің жалған мемлекеттік нөмірі тәркіленіп алынды. Тәртіп сақшылары мал ұрыларын полиция бөліміне жеткізді. Күдікті екеу Қазығұрт ауданының тұрғындары, әкесі мен ұлы болып шықты. Ал егде жастағы ер адам бұрын да дәл осындай қылмыс жасап бірнеше рет сотты болған.
Анықталғандай, әкесі мен ұлы оңай жолмен пайда табу мақсатында, жайылымда қараусыз жүрген малдарды жымқырып отырған. Күдіктілер жоғарыдағы қылмыс қана емес, басқа да тұрғындардың жылқы-сиырларын ұрлап, материалдық шығын келтірген. Нақтырақ айтсақ, жалпы жыл басынан бері 8 жайт мал ұрлығы қылмысына қатыстылығы дәлелденді.
Жалпы алғанда мал ұрлығын жасаған екеу жәбірленушілердің 28 бас ірі қара малдарын ұрлап, 6,5 миллион теңгеге залал келтірген. Яғни күдікті әкелі-балалы түнгі уақыттарда Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында жайылымда қараусыз жүрген ірі қара үй жануарларын діттеп, өздерінің «Газель» маркалы жүк көліктеріне санаулы минуттар ішінде тиеп әкетіп отырған.
Содан соң олжалаған малдарды Шымкент қаласындағы мал базарлардың бірінде сатып, пайда тапқан. Сақшылар тиянақты тексеру кезінде күдіктілердің қылмыс бойынша іздерін жасыру мақсатында ерекше тәсіл қолданғанын білді. Яғни сезіктілер мал базарға барған уақытта көліктерінің мемлекеттік нөмірін ауыстырып, жалған нөмір тағып алып жүрген.
Қазіргі таңда ұсталған екеу қамауда. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Оларды дер кезінде таңбалап, сырғалаңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*