Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі сатты деген күдікпен әйелді, яғни облыс орталығының тұрғынын ұстады. Нақтырақ айтсақ, полицейлер өткен жылдың желтоқсан айында Сайрам ауданында сезікті әйелдің, тұрғындардың біріне жалпы салмағы 5 грамнан асатын «марихуана» есірткі заты бар сіріңке қорапшасын сатқанын анықтаған.
Одан әрі жедел уәкілдер күдіктінің Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерінде тінту кезінде синтетикалық «пирролидиновалерофенон» препаратына ұқсас екі полиэтилен түйіншегін тауып алып, тәркілеген. Сараптамаға сәйкес, заттай дәлел ретінде алынған есірткінің салмағы 5 грамнан асты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бойынша тіркелді. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу кезінде жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Нәтижесінде, сот қаулысымен 48 жастағы сотталушы әйел ҚР ҚК 297-бабында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және өткізгені немесе есірткінің заңсыз айналымына байланысты өзге де қылмыстар үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді.