Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Көршісінің атынан онлайн несие рәсімдеген тұрғын анықталды

Көршісінің атынан онлайн несие рәсімдеген тұрғын анықталды

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушіні әйелдің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу ақшалай онлайн несие алып, 100 000 теңгеден астам шығын келтірген. Бір айдай уақыт өткен соң банктен несиеңізді төлеңіз деп хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түлкібастық тәртіп сақшылар қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні анықтап, оны аудан көшелерінің бірінде жүрген жерінен тапты. Алаяқтық жасаған ер азамат жұмыссыз және жәбірленушінің көршісі екені белгілі болды.
Анықталғандай, жәбірленушіден қоңырау соғу үшін ұялы телефонын сұрап алған көршісі, оның банк қосымшасымен несие рәсімдеп, арам ойын жүзеге асырған. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтық қылмысына қатысы бар-жоғы анықталуда.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік кәртішкеңіз бен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*