Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Қоғам » ӘСКЕРИ-СПОРТТЫҚ БАЗАНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ӘСКЕРИ-СПОРТТЫҚ БАЗАНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұрғын алабындағы «Бүркіт» әскери спорт базасының жұмысымен танысты.
Әскери база ҚР Қорғаныс министрлігінің балансында. 256 гектар аумақта орналасқан. Бүгінде ол жерде «Шымкент қаласының парашютты спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігі базаның дамуы бойынша жұмыс атқарады.
Мұнда 45 адамға арналған казарма, асхана, парашют қоймасы, авиақойма, монша, бақша бар. Аталған базаның құрамында нұсқаушы, ұшқыш, авиатехник пен дәрігері бар 12 қызметкерден құралған топ жұмыс жасайды.
Мұрат Әйтенов алдағы уақытта «Бүркіт» әскери-спорттық базасын бірегей туристік нысанға айналдыру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты.
— Мұнда балалардың қызығушылығын арттыру үшін іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Арнайы туристік концепция әзірленсін. «Бүркіт» әскери-спорттық базасы — қаланың туристік нысанына айналуы керек. Бұл бағытта инвестиция тарту жолдарын қарастырыңдар, — деп сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Шаһар басшысы база аумағында орналасқан балалар жатын орындарына, дайындық және парашютпен секіру аумағында болды.
Жалпы парашютпен секіру құны 21 000 теңге. Егер, адам салмағы 90 келіден асса 31 000 теңге болады. Өткен жылы мұндағы парашютпен секірушілер саны екі мыңнан асқан.
Әкім тапсырмасына сәйкес, биыл қалалық туризм басқармасы «Shymkent tourism center» ТАО-мен база мамандарына туристік сервис және маркетингті жетілдіру бойынша семинар-тренингтер ұйымдастыратын болды. Сонымен бірге, туристік мәдени шаралар да қолға алынбақ.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*