Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Халықаралық білім ордасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Халықаралық білім ордасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ — Түрік университетінде өткен  кезектен тыс Сенат мәжілісіне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің  Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.

Мәжілістің күн тәртібіндегі негізгі мәселе — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, аталған мәселе бойынша Жол картасын қабылдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты одан әрі жандандыру.

Басқосуға арнайы қатысқан Департамент басшысының орынбасары Дәулет Нарымбетов университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, алдын-алу, ұжым мен студенттерге түсіндіру және т.б. жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу керек екенін айтты.

«Педагогтердің сыбайлас жемқорлық жасауы — өте ұят және қоғам үшін қауіпті жағдай. Себебі, олар — келешек ұрпақты тәрбиелейтін мамандар. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Қажет болса, департамент те көмектесуге әзір», — деді ол.

Ректор Жанар Темірбекова соңғы бір жыл көлемінде университетте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, заң бұзушылықтарды анықтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

Мәселен, бұған дейін студенттік жатақхана ақысы қолма-қол ақшамен жиналғаны сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына әсер ететіні ескеріліп, жатақхана ақысы электронды төлем жүйесі арқылы банктерден қабылданатыны және өзге де бірнеше саладағы сыбайлас жемқорлық жойылғанын тілге тиек етті.

Жиын соңында Сенат мүшелері де сыбайлас жемқорлық мәселе бойынша өз ойларын айтып, Департамент тарапынан ұсынылған Жол картасымен танысып, оны қабылдауға келісті. Сондай-ақ, университеттің Стратегиялық даму жоспарында көрсетілген құндылықтарды оқытушыларға да, студенттерге де терең түсіндіру керек екені айтылды.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*