Түркістан облысы Полиция департаментінің инспектор-психологтарының ұйымдастыруымен бұрын-соңды болмаған, өнегесі мол, мән-маңызы зор «Толағай» отбасылық-спорттық жарысы өткізілді. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының «Отбасы күні», ҚР Президентінің 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай, Полиция департаменті қызметкерлері арасында жоғары деңгейде жүзеге асырылды.
Аталған спорттық сайысқа 4 ойыншыдан тұратын 6 команда қатысты. Әр топта әкесі, анасы және 2 баласы болды. Яғни полиция қызметкерлері қиын да қауырт жұмыстарынан уақыт тауып, өздерінің жұбайы, ұл-қыздарымен бірге көңілді сәтті өткізді. «Толағай» сайысының «Көңілді автобус, «Секіргіштер», «Футболшы», «Қаптарда жүгіру», «Шабандоздар (Наездники)», «Даяшы», «Бадминтон» деген эстафеталарына қатысып, өздерінің жылдамдығын, спортқа бейімділігін көрсете білді.
Жанұя мүшелері бір топ болып жұдырықтай жұмылып, жеңіске жету жолында барын салды. Ал Түркістан Аренаға жиналған әрбір команданың жанкүйерлері өздерінің белсенділіктерін танытып, қолдау білдірді. 7 кезең бойы сынға түскен отбасылық топтарға әділқазылар баға берді. Барлық ойындарда тапсырманың дұрыс орындалу мен жылдамдығын бағалаған төрешілер қатарында: Түркістан облысы ПД Кадр саясаты басқармасының бастығы полиция полковнигі М.Асқаров, Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Б.Сердәлі, Түркістан облысы ПД ӘПБ бастығы полиция полковнигі А.Тастанбеков, Түркістан облысы ПД ІІО мен Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы О. Жанқожаев, Түркістан облысы ПД АжЖДБ бастығының орынбасары полиция майоры Ғ.Ибрагимов болды.
Қызықты да тартысты өткен отбасылық сайыс қорытындысымен жүлделі І-орынды Түркістан облысы Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасы атынан қатысқан «Жүйріктер» тобы, яғни Рустемовтар отбасы жеңіп алды. Ал ІІ-орынды «Барыс» тобы, Түркістан облысы Полиция департаменті ЖҚАЖ Арнайы мақсаттағы бөлімінен Хайриевтер отбасы қанжығалады. ІІІ-орын есеп бойынша «Сұңқар» тобына берілді. Бұл команда Түркістан облысы Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінен қатысқан Қазыхановтар отбасы болатын.
Ал қалған үш команда, яғни Әлішеровтар отбасы «Өнегелі отбасы», Бахтығалиевтер отбасы «Үлгілі отбасы», Ажибаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» номинациясын иеленді. Барлық командаларға Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің «Алғыс хаты» мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша отбасы күні полицейлердің жанұяларына ерекше көңіл бөлінді. Спорттық жарыс командаларға белсенділік пен жақсы көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар әрбір балаға салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беріліп, жасөспірімдерді бала кезден спортқа, белсенді өмір салтына тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосылды.