Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары көмегімен, облыс орталығында жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден жасырынған «Ауди» автокөлігінің жүргізушісі анықталды.
Нақтырақ айтсақ, полицияға Тәуке хан даңғылының бойында жолды велосипедпен кесіп өтіп бара жатқан тұрғынды белгісіз көлік соғып, оқиға орнынан қашып кеткені бойынша хабарлама келіп түсті.Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен жасырынған автокөлік иесін анықтау мақсатында, Жедел басқару орталығының камераларымен оқиға орнын мұқият тексерді. Нәтижесінде, бейнебақылау камераларынан велосипедшіні қағып кеткен «Ауди» көлігін анықтады.
Жүргізушіні жедел ұстау үшін патрульдік полиция қызметкерлеріне күмәнді көліктің мемлекеттік нөмірі мен деректері берілді. Осылайша тәртіп сақшыларының жедел әрекеті арқасында жүргізуші ұсталды. Қазіргі уақытта «Ауди» автокөлігі айыптұраққа қойылды. Жүргізушіге қатысты жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі. Сонымен қатар Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқасында операторлар, күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін бұзуды, ұсақ бұзақылық және басқа да құқық бұзушылық деректерін, оның ішінде «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша бақылауды жүзеге асыруда.
Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, адамдар көп жүретін көшелер мен қоғамдық орындарда орнатылған ЖБО сыртқы бақылау бейнекамералары тәртіп сақшыларына түрлі құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және қылмыспен сәтті күресуге көмектеседі.