Созақ аудандық ПБ-ға жергілікті тұрғындар арызданып, жайылымдағы ірі қара малдарын, яғни сиырларын белгісіз біреудің жымқырғанын жеткізді. Тұрғындарға 300 000 теңге шығын келтірілген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында, ауданның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білген куәлардан жауап алды. Сонымен қатар іске белсене кіріскен созақтық сақшылар, мал сататын орындарды да шолып шықты. Осылайша жүргізілген тиянақты істің нәтижесінде, мал ұрлығына қатысы бар 2 күдікті ер адам ұсталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда жайылып жүрген сиырларды көріп оңай жолмен пайда табу мақсатында ұрлық қылмысын жасаған. Сондай-ақ сезіктілер қолды қылған үй жануарларын мал базарға сатып, ақшасын өз қажеттеріне жұмсаған.
Бүгінде полицелер күдіктілердің бұдан басқа да мал ұрлықтарына қатысы бар-жоғын анықтауда. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері мал иелеріне қырағылық танытуға кеңес береді.