Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Саметтің қатысуымен облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және оның алдын алу жұмыстары талқыланған жиынға Қоғамдық кеңестің төрағасы мен мүшелері, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ басқармаға қарасты мекемелердің басшылық құрамы қатысты.
«Жыл сайын спорт саласына қомақты қаражат бөлінеді. Сәйкесінше, спорт саласында сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар саны артып келеді. Қылмыстардың басым көпшілігі бюджет қаражатын жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және парақорлық фактілерімен байланысты» — деді Департамент басшысының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, бөлінген барлық қаражат арнайы порталда ашық әрі толық көрсетілмегендіктен, жарысқа қатысушы спортшыларға бөлінген қаражаттың талан-таражға түсу ықтималдылығының жоғары екендігін баса атап өтіп, облыс аумағында соңғы жылдары спорт саласы бойынша орын алған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына тоқталды.
Атап айтсақ, 2019 жылы жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін бөлінген қомақты қаржыны заңсыз пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырғандығы үшін сотты болған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Полат Қырықбаев пен қол астындағы басқа да лауазымды тұлғалар мемлекетке 70 млн.теңгеден астам шығын келтірген.
Спорт саласында жемқорлық көріністерінің туындау себептері ашық талқыланған жиын соңында Нұрдәулет Ілиясұлы облыстағы спорт саласы басшыларының назарына басқарма қызметінде ішкі талдау жұмыстарын жүргізуді, ең алдымен орын алған нақты қылмыстардан бастауды, басқарма мен оған қарасты мекемелерде әзірленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттардың заңдылығын мұқият қарауды және спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қаржы бөлу мәселелерін қамтитын құжаттардың заңдылығына тұрақты түрде бақылау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.