Бизнесті заңсыз тексерулерден және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау прокуратура органдарының басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеруді тағайындау туралы акті құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда міндетті түрде тіркелу тиіс.
Осы құзіреттің шеңберінде бизнес субъектілерін заңсыз тексерулерден қорғау және болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетімен «Qamqor» мобильді қосымшасы әзірленген. Бұл қосымша бизнесті қорғауға және кәсіпкерлерге қатысты тексерулер туралы ақпаратты алуға бағытталған.
Мобильді қосымшаның көмегімен кәсіпкерлер QR-кодты сканерлеу арқылы тексеруді тағайындау туралы электрондық актінің тіркелгендігі немесе тіркелмегендігі туралы ақпаратты, оның ішінде тексеруге қатысатын тұлғалар, мерзімдері, негіздері, тексеру тақырыбы жайлы тексере алады.
Бұған қоса, аталған қосымшада прокуратура органдарына онлайн режимде шағым жолдаудың функционалы қарастырылғандығын атап өткен жөн.
Мобильді қосымша Play Market (Android) және App store (iOS) арқылы жүктеу қолжетімді.
Статистикаға тоқталар болсақ, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік органдармен 2022 жылдың 8 айында жалпы 5815, оның 657 жеке кәсіпкерлік субъектісіне (шағын кәсіпкерлікке – 210 (оның ішінде микро кәсіпкерлікке – 111), орта кәсіпкерлікке – 229, ірі кәсіпкерлікке – 218) қатысты тексерулер жүргізілген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасымен 2022 жылдың 8 айында мемлекеттік органдармен бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз тағайындалған 20 тексеру анықталып, тіркеуден бас тартылды.
Нәтижесінде, прокурорлық қадағалау актісінің негізінде кінәлі лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылып, заңсыз тексерулерді тіркеуден бас тарту арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілердің құқықтары қорғалды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
құқықтық статистика және арнайы есепке
алу жөніндегі Комитетінің
Түркістан облысы бойынша басқармасы