Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын жайылымда қараусыз жүрген 11 бас жылқысы жоғалғаны туралы арызданған. Жәбірленуші ер адам 4 күн бойы өзі іздеген. Содан еш нәтиже болмаған соң, полицейлерден көмек сұрайды. Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған жылқыларды іздеу жұмыстары басталды. Тәртіп сақшылары бірнеше мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен сұқбат жүргізді, базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді тексерді.
Жедел шаралар нәтижесінде тәулік ішінде Қазығұрт ауданындағы шекара аймағынан яғни, 40 шақырым жердегі таулардың арасынан жылқы үйірі табылды. Табылған жылқылар заңды иесіне қайтарылып, жәбірленуші азамат полицейлерге алғысын білдірді.
«Мен 5 күннен бері 11 бас жылқымды таба алмадым. Содан Қазығұрт ауданының полиция қызметкерлерінен көмек сұрадым. Олар бірден жылқыларымды тапты. Барша полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет!»- деп атап өтті.
Түркістан облысының полицейлері малды жайылымда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді, өйткені сіздің малыңыз барымташылардың оңай олжасына әп-сәтте айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше, қора-жайды сенімді қоршаумен қоршап, малды таңбалау және сырғалау қажет. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда, өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпастан, дереу полицияға хабарласыңыз.