Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс емес әйел алдап кеткен. Яғни алаяқ мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз ақшаны шығарып беретінін айтып сендірген.
Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 000 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 1 жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні анықтау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті егде жастағы әйел анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 3 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3,5 миллион теңгені құрады. Ал қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері кез-келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Ең бастысы күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болыңыз.
Главная » Әлеумет » Түркістандық полицейлер алаяқтық қылмысының 3 жайтына қатысы бар егде жастағы әйелді анықтады