Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Полицейлер бейнекамералар арқылы қарсы қозғалыс жолағына шыққан 6 көлікті анықтап, шарасын көрді

Полицейлер бейнекамералар арқылы қарсы қозғалыс жолағына шыққан 6 көлікті анықтап, шарасын көрді

Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, адамдар көп жиналатын жерлерде, көшелерде орнатылған бейнекамералардың көмегімен түрлі құқық бұзушылықтардың дер кезінде анықталуын және қылмыстың жолын кесуді қадағалайды.
Мәселен жедел басқару орталығының операторлары бейнебақылау камералары арқылы соңғы 10 күнде 756 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде: 391-і қауіпсіздік белдігін тақпау, 39-ы көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану, 40 дерек дұрыс емес жерде тоқтау, 15-і күңгірттеу және 6 жайт қарсы қозғалыс жолағына шығу болып табылады.
Мысалы Түркістан қаласы Нышанов көшесінде кезекші полицейлер камералардың көмегімен тұтас жолақ пен қарсы қозғалыс жолағына шығудың 6 фактісін тіркеді. Жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі «Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Тәртіп сақшылары аталған құқық бұзушылықтар туралы жинақталған материалдарды заңды шешім қабылдау үшін мамандандырылған әкімшілік сотына жолдады. Ескерте кетсек, Заңға сәйкес қос тұтас сызықты кесіп қарама-қарсы бағытта жүретін жолдың жүріс бөлігіне шығып кетіп, жол қозғалысы ережелерін бұзған бұл жүргізушілер 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді және жол қозғалысының өзге де қатысушыларын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ қарсы қозғалыс жолағына шықпауға, жылдамдықты асырмауға және мас халде көлік жүргізбеуге шақырады. Есіңізде болсын: жол ережесін бұзудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*