Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адам өз арызында, тұрғын үйінің алдында тұрған «Ауди-100» маркалы көлігін белгісіз біреулер рұқсатсыз айдап кеткені бойынша шағымданды. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті.
Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастады. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін, қажетті барлық шаралар атқарылды. Тәртіп сақшылары, небары тәулік ішінде жәбірленушінің көлігі тұрған орын мен және күдіктінің жеке-басын анықтады.
Яғни жүйелі жүргізілген жұмыс нәтижесінде ұрланған көлік егістік алқаптан табылды. Қазіргі таңда күдікті деп танылған жас жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Анықталғандай күдікті түнгі уақытта көшеде, кілттенбеген көлікті байқап, діттеген жеріне жету үшін айдап кеткен. Біраз уақыт өткенде автокөліктен кінәрат шығып, егістік алқапта қалдырып кеткені белгілі болды. Көлік иесіне қайтарылды. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталады.