Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » ТҮЛКІБАС: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗ ҚАРЖЫСЫНА КӨПІР САЛЫП, ЖОЛ ТӨСЕДІ

ТҮЛКІБАС: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗ ҚАРЖЫСЫНА КӨПІР САЛЫП, ЖОЛ ТӨСЕДІ

Енді Түлкібас ауданына қарасты Қарағашты ауылының ауыр жүк көлігі мен арнайы техника жүргізушілері ауылдың 2 шақырымнан астам ішкі тар жолын айналып жүрмей тіке күре жолға шыға алады. Себебі, ауыл тұрғындарының ұйытқы болуымен ауыл шетінен екі көпір салынып, бес жүз метрге жуық тас жол төселініп, пайдалануға берілді.
Бірлік пен ынтымақты ту еткен қарағаштықтар өзара 3 млн.500 мың теңге қаржы жинап, аталған құрылыстың қажетті материалдарын алған. Құрылысқа қажетті техника ауыл тұрғындарынан шықса, сауапты істің адам күшімен істелінетін тұсын асарлату арқылы жүзеге асырған.
Бүгін ауыл тұрғындары үшін маңызы зор нысанның ашылуына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбек, аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев, аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен, округ әкімі Қ.Ахметов қатысып, игі шараға мұрындық болған жандарды Алғыс хаттармен марапаттап, ауыл тұрғындарын жаңа нысандарымен құттықтады.
Ауыл жұртшылығына іс-шараға арнайы қонақ болып келген аудан өнерпаздары тарапынан концерттік бағдарлама ұсынылып, ұйымдастырушылар тарапынан ас берілді. Ауыл ақсақалдары елге үлгі боларлықтай істің бас-қасында жүрген жандарға ақ батасын беріп, ризашылықтарын жеткізді.
Ауыл тұрғындары енді бұнымен тоқтап қалмай, жаңадан салынған жолдың бойына науалар орнатып, көпір аумағын күшейтуді көздеп отыр.
Айта кетерлік, бүгінде ынтымағы мен бірлігі жарасқан киелі құт мекенде жомарт жандардың демеушілігімен көптеген игі шаралар жүзеге асуда. Биылдың өзінде төрт бірдей ауылда спорт алаңшалары бой көтеріп, бір ауылдың екі қақпасына елді мекен атауы жазылған стелла орнатылып отыр.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*