Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың биылғы есептік кездесуіне Шақпақ ауылдық округі тұрғындары тарапынан көтерілген бұл өзекті мәселе өз шешімін тапты. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, көлік жылдамдығын арттыру салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын Шақпақ-баба ауылының ішінен өтетін А2 республикалық маңызы бар жолға «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылды. Қазіргі таңда ортақ базаға қосу жұмыстары жүргізілуде. Енді бұл құрылғы ауылдың қақ ортасынан жарып өтетін күре жолдың шығысынан ортасына дейінгі 200 метр ара-қашықтықты бақылап отырады дейді мамандар. Көлік жылдамдығы 60 км/сағаттан асқан жағдайда көлік иесіне айыппұл түседі.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан көтерілген жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында осы аптада аудан аумағындағы мектеп орналасқан аудандық маңызы бар жол бойларына жол кедергілерін орнату жұмыстары іске аспақ.