Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары қойылып, жол белгілері жаңалануда, тіпті кейбір көшелерге қажеттілігіне қарай жаңа таңбалар қойылуда.
Осы ретте Ордабасы АПБ-нің полицейлерімен аудан көлемінде жол қауіпсіздігін жақсарту, жол инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде жол жүрісін реттеудің және бақылаудың зияткерлік жүйелерін енгізу бойынша бірқатар профилактикалық іс-шаралар іске асырылуда.
Мысалы Ордабасы ауданынан өтетін облыстық маңызы бар КХ-15 «Ақбұлақ-Бадам-Төрткөл» автомобиль жолындағы Ақбұлақ мектебі алдына және ауылға кіретін жолына жасанды жол кедергісі қойылды. Сондай-ақ Қараспан ауылдық округіне Көлтоған, Төреарық, Қараспан ауылы мектептері алдына жаяу жүргіншілер өткелі сызылып, жасанды жол кедергісі мен жол белгілері қойылды.
Оған қоса Бөген ауылынан шығатын екі бағытта жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасанды жол кедергісі орналастырылып, Қайнар ауылы ішінде Дулат пен М.Әуезов мектептері алдына, Қайнар дәрігерлік емханасы алдына жолаушыларға арналған жолақтар сызылды. Темірлан елдімекеніне кіреберіс екі бағытта жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында тиісті жол белгілері қойылды.
Осылайша жол қозғалысына қауіп төндіретін кемшіліктер жойылып, қауіпті аймақтар анықталып, қажетті жұмыстар атқарылуда. Бейбіт күнде жол бойында болатын апаттардың алдын алып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз іске асырыла бермек.