5 қазан — Қылмыстық іздестіру қызметінің төл мерекесі. Бұл сала ішкі істер органында асқан жауапкершілікті және кәсібилікті талап ететін құрылым болып саналады. Себебі бұл қызметкерлер, қылмыскерлерді дер кезінде құрықтап, түрлі қылмыстардың ашылуында қалтқысыз қызмет етеді. Аталмыш мерекелік шараның алғашқы құттықтау сөзін Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов алып: «Қылмыстық іздестіру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне биыл 104 жыл толып отыр. Бұл сала мен үшін қашанда ыстық көрінеді.
Өйткені мен өзім осы салада жедел уәкіл болып қызметімді бастағанмын. Осы жерде отырған бірқатар ардагер ағаларымыздың тәлім-тәрбиесін алып, талай қылмыстардың ашылуына себепкер болдық. Осы сәтті пайдалана отырып, қылмыстық іздестіру саласындағы әріптестерімді, ішкі істер саласының ардагерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын!»-деп атап өтті. Одан кейін облыстың бас полицейі М.Қабденов, сахна төрінде өздерінің қызметтерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген жедел уәкілдерді марапаттады. Нақтырақ айтсақ, ҚР ІІМ-нің бұйрығымен кезектен тыс полиция полковнигі арнаулы атағы Мәди Қожамұратовқа берілді.
Ал бір саты жоғары полиция подполковнигі арнаулы атағы, Жәнібек Қуанышевқа берілді. «Құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен полиция подполковнигі Талғат Қабыш, полиция майоры Ердәулет Амантаев марапатталды. І дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісін аға жедел уәкіл Жамбыл Жандаров иеленді. ҚР ІІМ-нің «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісімен 2 қызметкер наградталды. Сонымен қатар министрліктің Грамотасымен 4 қызметкер, Алғыс хатымен 4 қызметкер марапатталды. Түркістан облысы Полиция департаментінің «Қазақстан полициясына 30 жыл» төсбелгісі 10 қызметкерге берілсе, Грамотасымен 6 полицей, Алғыс хатпен 6 қызметкер марапатталды.
Оған қоса жедел-іздестіру қызметінің қалыптасуына қосқан үлесі үшін полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің Алғыс хаты мен бағалы сыйлығы 30-ға тарта ІІО ардагерлеріне салтанатты түрде тапсырылды. Өз кезегінде Ішкі істер органының ардагері отставкадағы полиция полковнигі Мамыр Нұрханов құттықтау сөзін айтып, өзінен кейінгі қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
Марапаттау рәсімінен соң, «Қылмыстық іздестіру қызметінің 104 жылдығына» арналған бейнеролик көрсетілді. Іс-шара соңы облыстық өнер жұлдыздары мен өнерпаз полицейлердің мерекелік концертіне ұласты. Осы ретте кез — келген қылмыстың жедел ашылуына жанын салып, мінсіз қызмет етіп жүрген жедел уәкілдерді мерекелерімен құттықтаймыз!