Шымкенттік полицей жауынгерлік Джиу-Джитсудан әлем және Азия чемпионатына жолдама алды.
Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада шымкенттік полицей жауынгерлік джиу-джитсудан Қазақстан чемпионатында екінші орын алып, Әлем және Азия чемпионатына жолдама алғаны айтылады.
«2021 жылдың 25-28 ақпан аралығында Алматы қаласында жауынгерлік джиу-джитсу бойынша Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 250-ге жуық спортшы қатысты. Аталмыш додада 1 және 2 орын алған спортшыларға Әлем және Азия чемпионатына жолдама беріледі. Әлем және Азия чемпионаты жолдамасы сарапқа салынатын болғандықтан, жүлделі орындар әрбір спортшыға оңайға соқпады.
Спортшылар арасында Шымкент қаласы Полиция департаменті Оқу-жаттығу взводының инспекторы полиция капитаны Ғалымжан Бақытұлы Қатбаев болды. Ол 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бәсекеге түсіп, финалда Алматы спортшысымен бәсекелесіп, 2 орынды иеленді.
31 жастағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалым 13 жыл бойы жауынгерлік джиу-джитсумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. 4 баланың үлгілі әкесі бос уақытын отбасы ортасында өткізеді.
Еске салсақ, Ғалым 2019 жылы аталмыш спорттан Әлем чемпионы атанды. Енді Ғалым алдағы уақытта Үндістан мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатына қатысып, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын болады» — делінген.