Қазығұрт полициясына жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде хабарлап, шағым түсірді. Әйелдің айтуынша, оған танысы жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендірген. Осыдан соң ол танысына 100 000 теңге берген. Алайда 2 ай ішінде бітеді деген жалған уәде 1 жылға созылады. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
Полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар жұмыссыз жергілікті тұрғын, ер адам анықталды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті азамат жәбірленуші әйелдің ақшасын алып, бас пайдасына жаратып жіберген.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді, кез келген адамның күмәнді ұсынысын қабыл алмаңыздар.